Қылмыскердің артынан қуған полицейлер ауруханаға түсті

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында мас күйдегі жүргізушінің артынан қуған екі полиция қызметкері ауруханаға түсті.

«Әкімшілік учаскені патрульдеу кезінде 240-борттағы патрульдік полиция ротасының экипажы ішімдік бөтелкесін ұстап, көлік тізгіндеп келе жатқан Audi автокөлігінің жүргізушісін көріп қалады. Содан кейін тәртіп сақшылары одан көлікті тоқтатуды талап етті. Сол сәтте ер адам жылдамдықты арттырып, полицейлерден жалтарып кетпек болды. Қуғын кезінде Audi жүргізушісі патрульдік көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кетті», — делінген 2021 жылғы 10 тамыз күнгі ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, күдіктінің жеке басын анықтап, оны тұтқындау үшін бірнеше сағат кеткен.

«Ол Еңбекшіқазақ ауданы Малыбай ауылының 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті мас екенін дәлелдейтін медициналық куәландырудан өтті. Оның үстіне, көліктің ішінен бірнеше сыраның бос шөлмектері табылды», — деді Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының бастығы Жақсылық Алтынбаев.

Ұсталған адамға қатысты ҚР ҚК 380-бабы (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ер адам УҰИ-ге қамалды. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Екі полиция қызметкері түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жатқызылды», — делінген хабарламада.

Добавить комментарий