Транскаспий бағыты бойынша 10 млн тоннаға дейін жүк тасымалданады

Ақтауда Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркия мүдделі ведомстволарының басшылары деңгейінде кездесу өтті. Іс-шара Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХҚБ) одан әрі дамытуға арналды.

Қазақстан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүктерді тасымалдаудың бірнеше есе өскенін атап өтті. Биыл 10 айдың көлемінде Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы ТХКБ бойынша шамамен 1,5 млн тонна тасымалданған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл ретте контейнерлік тасымалдау көлемінің өсу серпіні 55 пайызға ұлғайды

Оның пікірінше, қазіргі уақытта Транскаспий бағытының көлік инфрақұрылымы шамамен 6 миллион тоннаны тасымалдауға мүмкіндік береді. Жүктерді тасымалдау көлемінің күрт өсуімен маршрутта «тар жерлер» анықталды.

Осыған байланысты мүдделі елдер арасында 2022-2027 жылдарға арналған «тар жерлерді» синхронды жою және орта дәлізді дамыту жөніндегі Жол картасын құру бастамасы көтерілді.

ИИДМ басшысы Ақтау теңіз порты қалай дамитынын айтты

Қайырбек Өскенбаев басшысы аталған маршруттың өткізу қабілетін кеңейту мақсатында теміржол желісі мен порт инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ порттардың акваторияларында теңіз түбін тереңдету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Контейнерлік паркті және жеке паром флотын толықтыру, сондай-ақ шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету мәселелері қарастырылуда. Қазақстан бір апта бұрын Достық-Мойынты учаскесінде ұзындығы 836 шақырым екінші жол құрылысын іске асыруға кірісті»,  — деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада үшінші шекара өткелін ашу және Бақты-Аягөз жаңа теміржол желісін салу мәселелері пысықталды.

«Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Қаражаттың 80 пайызын Еуразиялық даму банкі, ал 20 % — «Қазақстан темір жолы» АҚ береді деп жоспарлануда», – деді министр.

Қазақстандық ведомство басшысының мәліметінше, Жол картасында көрсетілген іс-шараларды іске асыру 2025 жылға қарай дәліз бойынша өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.

Добавить комментарий