Түні бойы тоқта тұрған ұялы телефон жанып, пәтерде шыққан өрт салдарынан смартфон иесін қатты күйік шалды.
Бойжеткен ұялы телефонын қуаттау көзіне қосып, өзі ұйықтап қалды. Бөлмесін қызыл жалын шарпығанда оянып кеткен.
Алдымен матрас жанған. Содан кейін қызыл жалын үйдің ішіне тарап, жатын бөлмедегі жиһаздарды шарпыған.
«Өртенген үй иесінің 19 жасар қызы ауруханаға жатқызылды. Денесінің 30%-ын күйік шалған. Өрттің шығуына электр құралдарын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзуы себеп болған», — деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Бойжеткен термоингаляциялық жарақат алған, оның басы, беті мен мойынын күйік шалды. Ол қалалық аурухананың күйік бөліміне жатқызылды. Науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланады.
Смартфонның маркасы белгісіз.
Жалын 20 шаршы метр жерді шарпыды. Өрт сөндірушілерді қоңырау түскеннен кейін тілсіз жауды 40 минутта ауыздықтады. Оқиға орнында ТЖД-ның 16 қызметкері, бес техника, үш құтқарушы жұмылдырылды.