Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев ел Конституциясына өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды.
Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді, деп мәлімдеді президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында.
«Референдум – аса маңызды демократиялық институт, алайда Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткізілді», — деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан кейін, оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданды, бірақ бірде-бір рет қолданылмаған.
Мемлекет басшысы содан бері Конституцияға төрт рет өзгертулер енгізілгенін еске салды.
«Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.