Тоқаев Польша сенатының спикерін қабылдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Сенатының маршалы (спикері) Томаш Гродзкимен кездесті. Ол елімізuе ресми сапармен келді.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылады.

Парламенттің бұрынғы спикері ретінде парламентаралық дипломатияны дамытуға баса мән беремін. Елдерімізді бұрыннан бері келе жатқан достық және көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық байланыстыратынын атап өткім келеді. Польшаны Қазақстанның Орталық Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп білеміз. Польшада болып жатқан жағдайды жіті бақылап отырамыз. Сіздің еліңізге және халқыңызға зор құрметпен қараймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті мемлекет басшылары арасында сенімді диалог орнағанын және осындай қарым-қатынастар екі елдің заң шығарушы органдары деңгейінде де жалғасатынын атап өтті.

Ынтымақтастығымыздың келешегі зор деп ойлаймын. Сіздің сапарыңыз – осы өзара ауқымды ықпалдастықтың айқын дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.

Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, инфрақұрылымдық және білім беру салалары бойынша байланыстарды дамыту әлеуеті атап өтілді.

Томаш Гродзкий Ақмола облысына сапармен барып, ондағы поляк диаспорасы өкілдерімен өткізген кездесуіне қатысты ой-пікірін ортаға салды. Польша Парламенті жоғарғы палатасының басшысы депортация жылдарында қазақ халқының достық ниеті мен қонақжайлылығының арқасында Қазақстан поляктардың екінші Отанына айналғанын атап өтті.

Добавить комментарий