Естеріңізге сала кетейік! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Томаш Гродзкийді қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымықтастықты дамыту перспективасы талқыланды.
«Парламенттің бұрынғы спикері ретінде парламентаралық дипломатияны дамытуға баса мән беремін. Елдерімізді бұрыннан бері келе жатқан достық және көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық байланыстыратынын атап өткім келеді. Польшаны Қазақстанның Орталық Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп білеміз. Польшада болып жатқан жағдайды жіті бақылап отырамыз. Сіздің еліңізге және халқыңызға зор құрметпен қараймыз», — деді Тоқаев.
Қазақстан Президенті мемлекет басшылары арасында сенімді диалог орнағанын және осындай қарым-қатынастар екі елдің заң шығарушы органдары деңгейінде де жалғасатынын атап өтті.
«Ынтымақтастығымыздың келешегі зор деп ойлаймын. Сіздің сапарыңыз – осы өзара ауқымды ықпалдастықтың айқын дәлелі», — деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Томаш Гродзский Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Қазақстан Парламенті қос палатасының төрағаларымен табысты кездесулер өткізгені туралы айтты.