Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстанда «әралуандық арқылы – бірлікке» қағидатын ұстану және этносаралық татулықты сақтау маңызды екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық коалиция форумында сөйлеген сөзінде Қазақстанның басты құндылықтарына айтты.
Президент Қазақстан дамуының маңызды басымдықтарының бірі — мемлекеттік мүдделер мен этносаралық татулық екенін атап өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық. Ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі осы тұрғыдан қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтсақ, әр істе мемлекеттік ұстаным болуы керек. Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан, барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық әр азаматқа тән қасиет болуға тиіс», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ рухани үндестік пен бірліктің маңыздылығына назар аударды. Ол Қазақстанның төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз – елді біріктіретін бірегей құндылықтар, оны дау-дамайға айналдыруға болмайтынын және жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн екенін атап өтті.
«Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың мақсаты – бір, болашаққа деген көзқарасы – ортақ. Бәріміз – бір елдің азаматтарымыз. «Әралуандық арқылы – бірлікке» қағидаты ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Біз этносаралық татулықты сақтай білуіміз керек. «Қазақстан азаматы» деген ұғым жалпыұлттық бірегейліктің өзегі болуы қажет. Сонда біртұтас ұлт ретінде келешекке сеніммен қадам басамыз», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.