Тоқаев ДСҰ бас директорын Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Қазақстан Президенті ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары, оның ішінде ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-конференциясына еліміздің төрағалық ету мәселесі талқыланды. Сондай-ақ халықаралық сауданы дамытудың өзекті мәселелері жөнінде пікірлер ортаға салынды, деп хабарлайды Ақорда.

26 қарашада ДСҰ Ұйымға мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясының өтетін уақытын кейінге шегеру жөнінде мәлімдеме жасады. Жиын 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Женевада өтуге тиіс еді.

Нгози Оконджо-Ивеала індеттің өршуіне байланысты министрлер конференциясын кейінге шегеруге тура келгені өкінішті жайт екенін және оның өте ауыр шешім болғанын айтты. Кездесуге қатысушылар іс-шараны өткізудің ықтимал жаңа мерзімдерін талқылады.

Президент ДСҰ-мен арадағы ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы айта келе, пандемия жағдайында Ұйымның әлемдік экономиканы қайта қалпына келтіру ісіндегі негізгі рөліне назар аударды.

 

Фото: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ДСҰ бас директорымен кездесу барысында елімізге сапармен келуге шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланың басшылығымен вакцинаның барлық адамға бірдей тең дәрежеде қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ДСҰ-ға мүше мемлекеттермен, негізгі халықаралық ұйымдармен және вакцина өндірушілермен жүргізіліп жатқан конструктивті диалогқа қолдау білдірді.

Әңгімелесу барысында 2022 жылдың қараша айына жоспарланып отырған Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымындағы сауда саясатына алғашқы шолуының шығарылымы талқыланды. Президент еліміз үшін осы оқиғаның аса маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның ДСҰ қағидалары мен ережелеріне, сондай-ақ осы ұйымға кірген кезде өзіне жүктелген міндеттерге бейілділігін растай алатынына сенім білдірді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Добавить комментарий