Тоқаев: Баршаға тең мүмкіндіктері бар елді құрып жатырмыз

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Қазақстан барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер бар елге айналуы тиіс екенін мәлімдеді.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Абай облысы жұртшылығымен кездесу барысында айтты.

«Мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым. Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық», — деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Әділетті Қазақстан баршаға тең мүмкіндіктер туғызатын елге айналады.

«Әрбір азамат тұрғылықты жеріне қарамастан лайықты өмір сүруге және толыққанды өзін-өзі жүзеге асыруға құқылы, өйткені жалпыұлттық байлық елдің барлық тұрғындарының еңбегі мен күш-жігерінің арқасында жасалады. Мемлекеттің шынайы қуаты өңірлерде қалыптасатынына сенімдімін. Сондықтан «Қуатты аймақтар — қуатты ел» қағидаты менің саяси бағытымның негізгі негіздерінің біріне айналды», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Добавить комментарий