Тоқаев Қазақстанның ядролық қару жөніндегі ұстанымын жариялады

Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстан әлемдегі ядролық қауіпсіздік қағидаттарын берік ұстанатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні зор мәнге ие.

«Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Бұл күннің бүкіл адамзат үшін мән-маңызы айрықша. Қасиетті қазақ жері атом сынағынан орасан зор зардап шекті. Мұндай қасірет ешқашан қайталанбауы керек. Қазақстан ядролық қауіпсіздік қағидаттарын әрдайым берік ұстанады», — деп мәлімдеді президент Twitter-дегі парақшасында.

Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойдтың бірлескен мәлімдемесін жариялады.

«1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстан мен халықаралық қоғамдастық үшін символдық мәні ерекше күн болды. Бұл маңызды оқиға саяси серпін бере отырып, 1996 жылы ЯСЖТШ-ның қабылдануына әкелген халықаралық күш-жігерге үлес қосты. ЯСЖТШ қабылданған сәттен бастап Қазақстан ЯСЖТШ-ны және оның тексеру режимін нығайтуды дәйекті түрде қолдайды», — делінген мәлімдемеде.

Тараптар барлық мемлекеттерді ядролық жарылыстарға мораторий жасауды жалғастыруға шақырды. «Біз ратификациялауы ЯСЖТШ-ның күшіне енуі үшін қажет қалған сегіз мемлекетті халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін осы маңызды қадамды қолдана отырып, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға өз бейілділігін көрсетуге шақырамыз.», — делінген құжатта.

Добавить комментарий