Тергеуге кезінде көз жұмған болған ер адамның әкесі ұлының аурудан қайтыс болғанына сенбейді

Нұрболат Жұмабаевтың әкесі биылғы жылдың 8 желтоқсанында полицейлер ұстап әкеткен ұлының ауырып қайтыс болғанына сенбейтінін мәлімдеді.

9 желтоқсанда Шымкент қаласындағы полиция ғимаратының алдында бір күн бұрын тергеу кезінде қайтыс болған 30 жастағы ер адамның әкесі Еркара Жұмабаев полицейлердің ауырып көз жұмды дегеніне сенбейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, полицейлер ұлы Нұрболат Жұмабаевты өлгенше соққының астына алған болуы мүмкін. Бұл туралы Еркара Жұмабаев полиция департаменті ғимаратының алдында журналистерге берген сұхбатында айтты.

Ерқара Жұмабаевтың айтуынша, 8 желтоқсан күні түске уақытта ұлы Нұрболатпен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп тұрғанда, оны полицейлер ұстап әкеткен. Бірнеше сағаттан кейін ұлының көз жұмғаны туралы хабар жеткен.

«Ұлым күліп сөйлесіп тұрғанмын. Сосын бір топ адам оны «кісен салыңдар» деп ұстағанын көрдім. Өзі спортпен шұғылданды, жүрегі ауырмайтын. Мен оны не үшін ұстағанын білмеймін. Ол жүріп жүрген қызымен үйлену үшін Шымкентке келген. 17 желтоқсанда үйлену тойын жасаймыз деп жоспарлағанбыз», — деді Жұмабаев.

Әкесінің айтуынша, марқұм бұған дейін ұрлық жасағаны үшін істі болып, темір тордың ар жағында жазасын өтеп шыққан. Әзірге туыстарына марқұмның денесі берілмеген.

Сұхбаттан кейін марқұмның әкесі адвокатпен бірге полиция ғимаратына кіріп кетті.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, 30 жастағы Нұрболат Жұмабаев қала аумағында қымбат шетелдік көлікті ұрлады деген күдікпен учаскеге жеткізілген. Полицияның айтуынша, Жұмабаев тергеу кезінде өзін нашар сезінген. Күдікті жедел жәрдем көлігі келгенше қайтыс болды.

«Дәрігерлер бригадасы келгенде ер адамның қайтыс болғанын анықтады. Мамандар неден қайтыс болғанын анықтайды», — деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы.

Полицияның мәліметінше, оқиға бойынша департаменттің қауіпсіздік қызметі мен прокуратура жұмыс істеп жатыр. Қайтыс болу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Қазақстанда бұған дейін де полицейлер ұстағаннан кейін адам өлімі болған. Соңғы бірнеше жылдың ішіндегі резонансты оқиғалардың бірі- тергеу изоляторында азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің жұмбақ жағадайда қайтыс болуы, қазақстандық құқық қорғаушылар «саяси кісі өлтіру» деп атады. Олар биліктен мән-жайын ашық әрі әділ тексеруін талап етті. 2020 жылдың қазан айында Шығыс Қазақстан облысындағы полиция учаскесінде тергеу кезінде 33 жастағы Азамат Оразалыны азаптап өлтірген. Аталған оқиғаға байланысты тұрғындар полиция ғимаратының алдына шығып, кінәлілерді жазалауды талап етті.

Добавить комментарий