TengriBank-тен 5,4 млрд теңге ұрланды

«TengriBank» АҚ-ның бұрынғы топ-менеджерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жалғасуда. Олар 5,4 млрд теңге ұрлады деген күдікке ілінді.

Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметінің басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы «TengriBank» АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеден астам банк қаражатын жымқыруына байланысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Ағымдағы жылдың 9 қарашасында Алматы қаласының тергеу соты 2 айға дейінгі мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын мына адамдарға қатысты санкциялады: Банк басқармасы төрағасының бұрынғы орынбасары Ілиясов Бахтияр Әбдінұрұлы; Банк Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Жәдіков Әсет Үрісбайұлы; банкке қарасты компанияның басшыларының бірі Жылқыбаева Назгүл Маманшалқызы (жалған құжаттар қолданып 3 млн АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз несие алды), — деп хабарлады ҚР ҚМ KFM баспасөз қызметі.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.

9 қарашада желіде «TengriBank» АҚ басқарма төрағасының экс-орынбасары Бахтияр Ілиясов пен «TengriBank» АҚ Алматы филиалы директорының экс-орынбасары Әсет Жадықов ұсталғаны туралы ақпарат тарады. 10 қарашада аталған ақпарат Қаржы министрлігінде расталды.

Естеріңізге сала кетейік, «TengriBank» 2020 жылдың қыркүйек айында банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған болатын.

Добавить комментарий