Tengri Bank салымшыларының кепілдік өтемдері қашан және қалай төленеді

Tengri Bank салымшыларына өтемақының қайда және қалай төленетіні белгілі болды. Төлемдердің тәртібі мен көлемі түсіндірілді. Өтінімдер «Еуразиялық банк» АҚ барлық бөлімшелері мен филиалдарында қабылданады.

Өтемді төлеу банкті лицензиядан айыру күніне есептелген депозит бойынша сыйақыны ескере отырып, қалдықтардың ең жоғары сомасы шегінде жүргізіледі:

  • ұлттық валютадағы жинақ депозиттері бойынша 15 млн теңгеден;
  • ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша 10 млн теңгеден;
  • шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден аспайтын балама («Tengri Bank» АҚ лицензиядан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).

«Tengri Bank» АҚ салымшысының түрі мен валютасы бойынша әртүрлі екі және одан да көп кепілдік берілген депозиттер болған жағдайда агент банк шетел валютасындағы кепілдік берілген депозит қалдығы бойынша шектеуді ескере отырып, олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын сомада жиынтық кепілдік өтемақысын төлейді.

Кепілдік өтемді алу үшін «Tengri Bank» АҚ салымшылары «Еуразиялық банк» АҚ-ның кез келген бөлімшесіне немесе филиалына жүгініп, төлемге арналған өтінішті толтыруы қажет. Өтініш бланкісін тікелей агент банктен алуға немесе электрондық нұсқасын ҚДКБҚ сайтынан жүктеп, алдын ала толтыруға болады.

Агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары, сондай-ақ олардың жұмыс режимі www.eubank.kz ресми сайтында және банктің анықтама қызметінде қолжетімді:

+7 (727) 332 77 22, +7 (771) 000 7722, +7 (700) 000 7722, +7 (702) 010 7722.

Салымшы агент банкке жүгінген кезде салымшының өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы қажет. Егер салымшының орнына басқа тұлға жүгінсе, онда құқық белгілейтін құжаттарды (мысалы, мұра туралы куәлік немесе сенімхат) ұсыну қажет.

Агент банктегі тегін, атын немесе әкесінің атын өзгертуді неке қию туралы куәлікпен немесе АХАЖ органдары берген тегін, атын немесе әкесінің атын ауыстыру туралы куәлікпен растайды.

Жекелеген жағдайларда агент банк мәлімделген талаптардың негізділігін растайтын қосымша құжаттарды сұратуға құқылы. Кепілдік берілген өтемді төлеу агент банкке құжаттар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылатын болады.

Айта кетейік, салымшылар кепілдік өтемді алудың қолайлы тәсілін өз бетінше таңдай алады: банк-агенттің кассасында қолма-қол ақша, банк-агентте немесе кез-келген басқа банкте банк шотына ақша аударып.

Кепілдік берілген ҚДКБҚ сомадан артық қалдықтарды төлеу үшін салымшылар банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін «Tengri Bank» АҚ-ның тарату комиссиясына жүгінуге құқылы.

Депозиттер бойынша кепілдіктер және өтемақы төлеуді жүзеге асыру тәртібі туралы жалпы ақпарат www.kdif.kz қорының сайтында қолжетімді. Салымшылар 1460 телефоны арқылы, сайтында, Telegram-чатта @ kdif _ ask, қордың Facebook және Instagram-дағы ресми беттерінде, сондай-ақ электрондық мекенжайына жазу арқылы кеңес ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) «Tengri Bank» АҚ-ны барлық банк операцияларын жүргізуге лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған болатын.

Добавить комментарий