«Tengri Bank» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы, 42 жастағы Ержан Шайкенов ұсталды. Бұл туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады:
«Иә, нымыен де, 2021 жылдың 16 ақпанында AFM қызметкерлері ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы (ұстау негізі) тәртібінде «Tengri Bank» АҚ-ның бұрынғы төрағасы Е.Б.Шайкеновті ұстады. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
Ержан Шайкенов «Tengri Bank» АҚ Директорлар кеңесін 2020 жылдың шілдесінен бастап басқарды.
Ержан Блокұлы Шайкенов 1978 жылы 26 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген; Магистратураны Cass Business School, City University-де (Лондон, Ұлыбритания) оқып, «Банк ісі және халықаралық қаржы» мамандығы бойынша тәмамдады.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қыркүйегінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Tengri Bank» АҚ-ны банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады. Лицензиядан айыруға мыналар негіз болды:
- пруденциалдық нормативтерді және (немесе) басқа міндетті нормалар мен белгіленген лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзу;
қадағалау шараларын жүйелі түрде сақтамау (күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) ;
банктің уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамауы.
«Корпоративтік басқарудың тиімді жүйесінің болмауы және мажоритарлық және миноритарлық акционерлер арасындағы жалғасып жатқан ішкі корпоративтік даулар банктің қаржылық жағдайдың ушығуына алып келді.
Қолданыстағы заңнама талаптарына, банктің қаржылық жағдайының нашарлауына әкеп соқтырған банк акционерлері мен менеджментінің әрекеттеріне сәйкес тиісті органдар құқықтық баға береді», — деп хабарлады агенттікте.
Содан кейін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «Tengri Bank» АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) іс қозғағаны белгілі болды. Көп ұзамай желіде банк басқармасы төрағасының бұрынғы орынбасары Бахтияр Ілиясов пен Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Әсет Жадықовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Олар көрінеу қайтарымсыз қарыз беру арқылы банк қаражатын ұрлады деп күдіктенеді.
Қаржы мониторингі комитеті былай түсіндірді: Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Экономикалық тергеу қызметінің басшылығымен ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша «Tengri Bank» АҚ-ның бұрынғы топ-менеджментіне қатысты жалпы сомасы 5,4 миллиард теңгеден астам ақша қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
«9 қарашада Алматының тергеу соты Б.А. Ілиясовқа, Ә.У. Жадықовқа, Н. М. Жылқыбаеваға қатысты екі айға дейінгі мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шараларына санкция берді», — делінген хабарламада.
«Tengri Bank» экс-басшылығының ісі бойынша екі адамға халықаралық іздеу жарияланды. Банктің Әкімшілік-шаруашылық департаментінің бұрынғы директоры Алмас Бақытов пен оның бақылауындағы компаниялардың бірінің жетекшісі Тоғжан Рахметова (Байжанова) іздестірілуде.
2021 жылы 15 ақпанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Tengri Bank» АҚ қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы шешімі заңды күшіне енді.