ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова неліктен теңге бағамы әлсіреуі мүмкін екенін түсіндірді
Шілдеде теңге бағамы мұнай бағасының өсуі және Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеттің базалық мөлшерлемені +/- 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,25% деңгейіне дейін 0,25%-ға көтеру туралы қабылдаған шешімі аясында 424,45 долларға дейін 0,7%-ға қалыпты түрде нығайды.
Оның айтуынша, мөлшерлеменің көтерілуі ішкі валюта нарығында теңгерімді ұстап тұруға және сыртқы инвесторлар үшін теңгелік активтердің тартымдылығын сақтауға ықпал ететін қосымша фактор болып табылады.
Тамыздың басынан бастап дельта штаммның таралуы мен мұнай бағасының төмендеуі аясында теңге бір доллар үшін 425,53 теңге деңгейіне дейін 0,3%-ға әлсіреді.
Алдағы уақытта ұлттық валютаға әсер ететін факторларға қатысты қандай болжамдар жасауға болады және осы болжамдарға дельта штаммының таралуы қандай әсері туралы
Коронавирустың дельта штаммының таралуы негізгі тәуекел факторы болып табылады және экономикалық өсу қарқыны бойынша болжамдарды қайта бағалауға әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде біз коронавирустың «дельта толқыны» аясында қаржы нарықтарының түзетілуін байқап отырмыз.
Бірінші кезекте, ҚР Ұлттық банкі басшысының орынбасары атап өткендей, бұл дамушы нарықтарға қатысты.
Биылғы жылғы 27 шілдеде ХВҚ әлемдік ІЖӨ болжамын қайта қарап, оны 2021 жылы 6% деңгейінде сақтап қалды. Бірақ осы қайта қарау шеңберінде дамыған елдерде өсу 5,6%-ға дейін 0,5 п.т. артып, дамушы елдер бойынша болжам 6,3%-ға дейін 0,4 п.т. төмендеді.
Бұрынғыдай, теңге көмірсутектер нарығының және дамушы елдердің активтеріне қатысты жалпы сентименттің ықпалында болады.
Ол атап өткендей, «мұнай нарығы биылғы жылғы сәуірден шілдеге дейінгі баға белгілеулердің 20%-ға жуық өсуінен кейін турбуленттілікті бастан кешуде».
АҚШ-тағы коммерциялық мұнай қорының 2020 жылғы қаңтардағы деңгейге дейін төмендеуіне қарамастан, дельта штаммының таралуы мұнайдың бұдан былайғы өсуіне кедергі келтіруде.
ҚР Ұлттық банк басшысының орынбасарының айтуынша, «басқа валюталарға қатысты теңге бойынша мөлшерлемелердің оң дифференциалы ішкі валюта нарығы үшін теңгерімдеуші фактор болып табылады».
Ұлттық Банктің жуырдағы базалық мөлшерлемені арттыру туралы шешімі халықаралық инвесторлар үшін теңгедегі активтердің тартымдылығын қолдайды, олардың әкелінуі жыл басынан бері 392 млрд теңгені құрады.
Бұдан басқа, Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігінің кірістілік қисығын құру және қазақстандық МБҚ нарығының өтімділігін арттыру бойынша бірлескен жұмысы нәтижесінде JP Morgan индекстерін басқару тобы біздің МБҚ-ны дамушы нарықтар облигацияларының жаһандық индексіне әлеуетті түрде қосу үшін Қазақстанның борыш нарығы «радар астындағы тізімге» қосылғанын хабарлады. Теңгенің және ұлттық валютадағы активтердің жаһандануы бойынша жұмыс жалғаса түспек.
Биылғы жылғы 11 тамызда Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігінің Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «Ваа3» деңгейінен тұрақты болжаммен «Ваа2» деңгейіне дейін арттыруы ішкі валюта нарығы үшін маңызды оң оқиға болып табылады. Moody’s рейтингісін көтеру факторларының бірі Ұлттық Банктің инфляциялық таргеттеу және елдің макроэкономикалық және сыртқы орнықтылығына қолдау көрсететін құбылмалы айырбас бағамы режимі жөніндегі саясатын атап көрсетеді.