«Араб әлемі» жаңа қатысушымен толықты. Біріккен Араб Әмірліктері — Израильмен экономикалық және дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан жаңа ел. Бұған дейін келісімге Египет пен Иордания қол қойған болатын, БАӘ — бұл тізімдегі үшінші ел.
Үш жақты мәлімдемеге Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, Абу-Даби корольдік ханзадасы Мохаммед бин-Сайед және АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойды. Онда тараптар бұл тарихи серпіліс Таяу Шығыстағы бейбітшілікке септігін тигізеді деп үміттенеді.
Келісім-шарттың нәтижесі Израильдің Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы аумаққа егемендігін беру жоспарларын тоқтатады, делінген хабарламада.
БАӘ Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Анвар Гаргаш Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мемлекетке Таяу Шығыс аймағының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тікелей рөл атқаруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Израиль сыртқы істер министрі Габи Ашкенази Біріккен Араб Әмірліктерімен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру туралы жаңалық маңызды екенін және алдағы келісімдерге жол ашылатынын мәлімдеді.
Осы уақытқа дейін Парсы шығанағындағы араб елдерінің ешқайсысы Израильмен дипломатиялық қарым-қатынаста болған жоқ.
1948 жылы Израиль мемлекеті жарияланып, одан кейін араб елдерімен болған әскери қақтығыстар басталуынан бергі бұл үшінші араб-израиль бейбіт келісімі. Египетпен келісім 1979 жылы, ал Иорданиямен 1994 жылы қол қойылды.
2020 жылдың 28 қаңтарында Дональд Трамп Палестина-Израиль қақтығысын реттеу жоспары деп аталатын «ғасыр мәмілесін» ұсынды, оның негізінде екі жеке мемлекет — Израиль мен Палестинаны мойындау жатыр. Жоспарға сәйкес, Палестинаның астанасы Әбу-Дис маңындағы Шығыс Иерусалим, ал Израильдің «бөлінбейтін астанасы» Иерусалим болуы тиіс.
Палестина басшысы Махмуд Аббас Трамптың Таяу Шығыс жөніндегі жоспарын ғасырдың қырғыны деп атады. Араб мемлекеттері лигасы да «ғасырд мәмілесін» мойындамады.