Таразда жаңа туған баланы сату дерегі анықталды

Таразда акушер мамандар жаңа туған нәрестені 1,5 млн теңгеге сатқан.

Таразда жаңа туған сәбиді сату дерегі анықталды, деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА тілшісі.

Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2023 жылғы 12 қаңтарда Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Тараз қалалық прокуратурасымен бірлесіп жүргізген арнайы іс-шара барысында жаңа туған баланы сату дерегін анықтады.

«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 135-бабы 1-бөлігімен (Кәмелетке толмағандар саудасы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жамбыл облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының екі акушерін анықтап, ұстады», — деп түсіндірді ведомстводағылар.

Тергеу шаралары барысында жаңа туған қызды акушер мамандар 39 жастағы Тараз тұрғынына 1.500.000 теңгеге сатып жібергені белгілі болды.

ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес аталған әйелдер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, ал баланы сатып алушыға қатысты қолхатпен босату түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Нәресте Тараз қаласының сәбилер үйіне орналастырылды. Тергеу жалғасуда.

Добавить комментарий