«Талибан» Ауғанстанның шекара маңындағы жерлерді басып алды

Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу тәліптер шекара асып өтпеуге және шектес аумақтарға шабуыл жасамауға уәде бергенін айтты. Алайда, соған қарамастан Ресей бірлескен оқу-жаттығулар өткізіп жатыр.

«Біз үшін Өзбекстан мен Тәжікстанмен шекаралас аймақтар «Талибанның» қолына өткені маңызды», — деді Шойгу «Территория смыслов» атты жастар форумында. Ол күні кеше Талибан «ірі әрі маңызды орталық» Құндыз қаласын басып алғанын еске салды.

Қорғаныс министрлігінің басшысы Ресей «тікелей агрессия қаупі төнген жағдайда» ҰҚШҰ шекарасын қорғау үшін Тәжікстан мен Қырғызстандағы базаларды іске қосатынын мәлімдеді. Ол ҰҚШҰ-ға мүше елдер ауған бағытында Ресейдің көмегіне мұқтаж деп санайды. Оның пікірінше, бұл жағдайда әңгіме Ресейдің әскери қауіпсіздігі туралы болып отыр.

Министр Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан офицерлерінің көбісі ресейлік жоғары оқу орындарында оқып жатқанын айтты. «Біз Тәжікстан, Қырғызстан армиясын жаңғыртумен де айналысамыз», — деді ол. Қорғаныс министрлігінің басшысы Ресей үшін Тәжікстан мен Өзбекстанның ықтимал арандатушылық әрекеттеріне дайын болуы маңызды екенін атап өтті.

Сергей Шойгу Ресей Өзбекстанмен жеке оқу-жаттығу жиындарын, сондай-ақ Тәжікстан және Өзбекстанмен «үшеулік» оқу-жаттығу өткізгенін еске салды. «Біз осы жағдайға қаншалықты дайын екенімізді тексердік. Осы жағдайда қалай және не қолдануға болатынын көрдік. Әрине, әлсіз тұстарды назарға алдық», — деді Шойгу.

«Талибан» қозғалысы Ауғанстандағы провинциялардың алты астанасын басып алғанын айтты. БАҚ мәліметінше, тәліптер ел аумағының 65%-ын бақылауда ұстап отыр.

Добавить комментарий