Талдықорған әкімінің орынбасары қарамағындағы қызметкерінің кінәсінен жұмыстан босатылды

Талдықорғанда карантиндік шектеу шараларының сақталуын тексеру үшін жемқорлық схемасын құрған қарамағындағы қызметкерінің әрекетіне байланысты қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова жұмыстан босатылды.

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары жүйелі түрде пара алып, бизнеске қамқорлық жасағаны үшін мониторинг тобының мүшелері ұсталғаннан кейін жұмыстан қуылды, деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің превенция және парасаттылық басқармасы.

Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеу басқармасы «Талдықорған қаласының кәсіпкерлік бөлімі» ММ басшысы мен бөлімнің бас маманына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабында, 3 тармағы, 2 және 4-тармақшасында көзделген пара алу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай, аталған бөлім басшысы қарамағындағы бас маманмен сыбайласып, коронавирусқа қатысты шектеу шаралары кезінде адамдар көп жиналатын шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, қаладағы тойхана иелері мен сауда өкілдерінен оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдамағаны үшін жүйелі түрде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алып отырған.

Сондай-ақ, жоғарыда аталған пара сомасын беріп, бұқаралық іс-шара өткізген мейрамханалардың бес әкімшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Аталған қылмыстық іс аясында Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы Талдықорған қаласының әкімдігінде қала әкімінің қатысуымен кеңес өткізді. Оның қорытындысы бойынша алдын алу шаралары мақсатында, сондай-ақ осы бағытта тиісті бақылау жүргізілмегеніне байланысты Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова жұмыстан босатылды.

Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.

Добавить комментарий