Тараптар 2023 жылға арналған кездесу жоспарын бекітті
Тәжікстан мен Қырғызстан үкіметтік делегацияларының топографиялық топтары Баткенде өткен кездесуде ортақ шекара учаскелерінің бірінде желінің өтуінің жобалық сипаттамасын жасады. Бұл туралы сәрсенбі күні Тәжікстан СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Кездесу барысында тараптар жалпы ұзындығы 17,66 шақырым Тәжікстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасының жобалық сипаттамасын жасады және жұмысты жалғастыру мақсатында 2023 жылға арналған кездесу жоспар-кестесін келісті», — делінген хабарламада.
Топографиялық топтардың кезекті кездесуі Тәжікстанда өтеді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 26 қарашада Бішкекте көршілес Тәжікстанмен шекаралық мәселелерді «ең қысқа мерзімде» шешуге ниетті екенін мәлімдеді.
Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасының ұзындығы 980 шақырымды құрайды, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ондаған даулы учаскелер қалды. Делимитация және демаркация процесінде 663 шақырымнан астам шекара келісілді.