Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай кімдерге рақымшылық жасалады?

Қазақстандық БАҚ-та Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылыққа ілінген азаматтардың тізімі жарияланды.

Ол қоғамдық талқылауға шығарылған “ҚР тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы“ заң жобасында ұсынылған.

«Заң жобасы азаматтардың әлеуметтік осал топтарына және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін адамдарды босатуға бағытталған», — делінген заң жобасына түсіндірме жазбада.

Құжатта қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан әлеуметтік қауқарсыз адамдар босатылады делінген. Оларға мына санаттағы сотталушылар жатады:

ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;

Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, оның ішінде бұрынғы КСРО-ның, әскери немесе интернационалдық борышын атқару кезінде қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің басқа тіркелген некеге тұрмаған жесірлері, сонымен бірге соғыс мүгедектерінің және оларға теңестірілген адамдардың әйелдері;

қылмыс жасаған кезде 18 жасқа толмаған адамдар;

осы заң қолданысқа енгізілген күні 50 жасқа толған және жасы одан жоғары әйелдер, 60 жасқа толған және жасы одан жоғары ерлер;

осы заң қолданысқа енгізілген күні жүкті әйелдер;

ата-ана құқығынан айырылмаған балалары бар, оның ішінде асырап алған не қамқорлығында жүрген, осы Заң қолданысқа енгізілген күні 18 жасқа толмаған не қылмыс жасаған және сотталған кезінде жасына қарамастан мүгедек балалар асырауында болған әйелдер;

осы заң қолданысқа енгізілген күні кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы саналатын және ата-ана құқығынан айырылмаған ерлер;

бірінші және екінші топтағы мүгедектер.

Заң жобасына сәйкес, осы санаттағы адамдар қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босатылады:

қылмыстық теріс қылық немесе аса ауыр емес қылмыс жасағандар;

қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалы және өзге де талап қою талап-қарыздары жоқ не оларды толық өтеген ауырлығы орташа қылмыс жасағандар.

Сондай-ақ кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған әлеуметтік осал санаттар үшін негізгі жазаның мерзімін немесе мөлшерін қысқарту көзделеді: тиісінше екіден бір және төрттен бір бөлігіне.

ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай төменде көрсетілген қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалмайды:

кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар;

Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер және тағы басқа;

жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар;

адам өміріне және денсаулығына қауіпті адам өміріне қол сұғушылықпен не зорлық-зомбылықпен ұштасқан және біріктірілген қылмыстар;

ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар;

қылмыстық топтар, ұйымдасқан топ, қылмыстық қоғамдастық құрамындағы қылмыстар;

адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар;

сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу және талан-таражға салу;

мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер олар өзiнiң қызмет бабын пайдалануымен және мемлекетке залал келтірумен ұштасса;

қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, халық денсаулығына және имандылыққа қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар;

абайсызда адам, екі және одан да көп адам өліміне әкеп соққан қылмыстар және басқалар.

Заң жобасы 5 наурызға дейін жария талқылауға шығарылды.

Добавить комментарий