Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйдің тұрғындары қабырғалары бір күні опырылып түседі деп шағымдануда.
Түркістандықтар мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйде тұруға қорқады. Көпқабатты үйдегі пәтер кілті балалар үйінің балалары, мүгедектер, жалғыз басты аналарға табысталды. Үш жыл өтер-өтпестен ғимараттың шатырдан су сорғалап, қабырғасында жарықшақ пайда болды, кәріз құбырынан жағымсыз иіс шығады.
Тұрғындар пәтердің кілтін алуға асыға күтіп, көптеген жылдар бойы кезекте тұрды, енді олар жөндеу жұмыстарын жасауды сұрауда.
«Біз ТКШ-ға, әкімдікке жүгіндік, нәтиже жоқ. Бізге пәтердің сылағы құлап жатыр деді. Алайда бұл сылақ емес, бұл қабырға опырылып жатыр. Біз балаларымыз үшін алаіңдаймыз», — деді көпқабатты үйдің тұрғыны, балалар үйінде тұрған Виталий Рахимов.
Көпбалалы ана Жансұлу Ерназарова жағымсыз иіс мезі болғанын айтты.
«Бізде кәріз құбырынан шығатын иіс қолқаны алады. Жылына үш рет толып кетеді, кейін көл болады», — деді ол.
Түркістан әкімдігі жағдайға түсініктеме берді. Құрылыс бөлімінің басшысы Алмас Байжановтың айтуынша, тұрғындардың өздері кінәлі деп отыр.
«Мердігер тек ірі мәселелерге жауапты. Бәрі де үйді қалай күтіп-ұстағанына байланысты. адамдар ол жерде уақтылы жылытпаған болса, жылу жүйесіне төлемеген болса, өшіріп тастайды ғой жылу жүйесін. Жылу жүйесі төмен болса, қабырға опырылып кеті мүмкін», — деді шенеунік.
Тараптар мәселенің шешімін таба алмады. Адамдар әкім олардың мәселесіне назар аударады деп үміттенеді.