Түркістанда мұз сарайы салынады

Түркістанда мұз сарайы салынып жатыр. Нысанның құрылысын жүргізетін кәсіпорынның бас инженері Саян Құрмановтың айтуынша, нысан 1200 көрерменге арналған.

Мұз сарайының жер асты бетон және шатыр жабу жұмыстары толығымен аяқталды. Ішкі әрлеу жұмыстарының 90% орындалды, мұз айдынына қажетті жабдықтардың 85%-ы жеткізілді. Қалған жабдықтар наурыз айының ортасына дейін жеткізіледі деп күтілуде.

«Түркістан тарихында алғаш рет қысқы спорт түрлерімен айналысуға болады. Мұз сарайына қажетті негізгі жабдықтар италиялық Itema компаниясынан, мұз төсегіш машина Канададан жеткізіледі. Трансформациялық борттар Финляндияда жасалған. Оның ерекшелігі — мәнерлеп сырғанау мен хоккейге арналған арена алаңын озық технология бойынша өзгертуге болады. Яғни, қорғау борттары автоматты түрде қозғалып тұрады. Соның арқасында мұз сарайын спорттың бірнеше түрі үшін тиімді пайдалануға болады. Елімізде мұндай аренаның баламасы жоқ. Біз мұз сарайының құрылысы болашақта түркістандық спортшыларға қысқы спорт түрлерінен биік белестерге бағындыруына мүмкіндік береді деген сенімдеміз», — деп атап өтті С.Құрманов.

«Олимпиадалық орталық» спорт кешені адамдарға заманауи талаптарға сай қызмет көрсетеді, ал өткен жылы теңдесі жоқ теннис орталығы ашылды. Сонымен қатар, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүруде. Түркістанда да олимпиадалық үлгідегі есу арнасының спорт кешені салынуда.

Добавить комментарий