Түркістан облысында медицина қызметкері жалған вакцинация төлқұжатын жасап беріп отырған. Күдіктіні құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстады.
Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Атырау облысының тұрғыны вакцинаның жалған құжатын жасатқандығы туралы хабарлама келіп түсті.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары қызметтік мүмкіндігін негізсіз пайдалану арқылы төлқұжаттарды қолдан жасаумен және өткізумен айналысқан Қазығұрт аудандық ауруханасының қызметкерін анықтап, полиция бөліміне жеткізді», — делінген хабарламада.
Бұл факті Қылмыстық кодекстің 385-бабы «Жалған құжаттарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау немесе өткізу» бойынша тіркелді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, тергеу оқиғасының барлық мән-жайы анықталып жатыр.