Қазақстандық «Оқжетпес» клубының футболшылары жолдастық матч кезінде украиналық «Верес» клубының футболшыларымен жұдырықтасып қалды. Нәтижесінде жолдастық кездесу тоқтатылды.
Кездесудің 28-минутында украиналық клубтың футболшысы қазақстандық ойыншыға қарсы өрескел ереже бұзып, шалып құлатты. Бұл олардың шамына тиіп, украиналық ойыншыға жабылып кетті. Нәтижесінде матч жаппай төбелеске ұласты, оған екі команданың қосалқы ойыншылары қосылды.
Матчты тоқтатуға тура келді. Төбелеске дейін таблода есеп 1:1 болған.
«Верес» Украина чемпионатының екінші дивизионында өнер көрсетіп, 30 ұпаймен кестеде екінші орында тұр.