Түркияда аға офицерлерді жаппай қамауға алу қайта басталды

Түркияда елдің 60 провинциясының аумағында жаңа ауқымды полиция операциясы барысында 238 адамды қамауға алу ордері берілді.

Өз кезегінде, Anadolu жергілікті ақпарат агенттігі хабарлағандай, ұсталғандардың барлығы ресми Анкара террористік деп санайтын ислам уағыздаушысы Фетхуллах Гүлен басқаратын FETO ұйымымен байланысы бар деп күдіктенеді.

Агенттіктің хабарлауынша, 238 күдіктінің ішінде 218-і — қазіргі және бұрынғы әскери қызметшілер, соның ішінде алты полковник, үш подполковник және түрік армиясының тоғыз майоры бар. Соңғы мәліметтерге сәйкес, осы уақытқа дейін 160 адам ұсталды.

Естеріңізге сала кетейік, Түркия үкіметі Гүлен ұйымын 2016 жылдың шілде айында болған мемлекеттік төңкеріске қатысы бар деп айыптайды. Сол кезде елдегі бүліктен кейін 80 мыңнан астам адам тұтқындалып, әскерилерді қоса алғанда, 160 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер жұмыстан босатылды немесе жұмыстан шеттетілді. АҚШ-та орналасқан Гүленнің өзі төңкеріс әрекетін айыптап, оған қатысы бар деген айыптарды жоққа шығарды.

Добавить комментарий