Алматыдағы ҮААЖ құрылысы аяқталуға жақын, алайда түрік құрылысшылары Қазақстандағы жұмысын аяқтауға асығар емес.
Үлкен Алматы айналма жолының құрылысына қатысып жатқан түркиялық Alarko Holding компаниясы Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыруға тартылады, деп хабарлады Премьер-министрдің сайты.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов түріктің Alarko Holding компаниясының президенті Йылдыз Умит Нуримен кездесті. Кездесуде энергетика, теміржол және автожол құрылысы, су тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу және т. б. салаларда жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Премьер-Министр еліміздің өзекті инвестициялық пулында экономиканың түрлі салаларындағы 850-ге жуық перспективті жоба бар екенін айтты. Өз тарапынан Йылдыз Умит Нури аталған пулды мұқият талдауға, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен әлеуетті жобалардың түпкілікті тізбесін пысықтауға дайын екендігін атап өтті.
«Кездесу қорытындысы бойынша келіссөзді жақын арада жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», — деп атап өтті Үкімет басшысы аппараты.
Alarko Holding Астанадағы халықаралық әуежайды реконструкциялау, мыс-байыту зауытын, Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпір және республикалық маңызы бар бірқатар негізгі автожолдарды салу бойынша жобаларды іске асырды.