Талибан министрлер кабинетінің төрағасы Мохаммад Хасан Ахунд Ауғанстан үкіметі мойындалып, ел халқы көптен күткен қолдауға ие болу үшін әлем елдеріне үндеу жасады.
Ауғанстандағы билікті басып алған «Талибан» қозғалысы (ҚР-да тыйым салынған) өзі құрған уақытша үкіметті мойындауы үшін барлық шартты орындады. Бұл туралы сәрсенбі күні Кабулда өтіп жатқан экономика жөніндегі конференцияда Талибан министрлер кабинетінің төрағасы Мохаммад Хасан Ахунд мәлімдеді.
«Ислам әмірлігі [Ауғанстан] (тәліптер қолданатын мемлекет атауы — ред.) жүйенің заңдылығын мойындалуы үшін барлық шарттарды орындады», — деді Ахунд, оның сөзін Талибан үкіметіндегі Ақпарат және мәдениет министрінің орынбасары Забихулла Муджахид Twitter-дегі парақшасында келтіреді.
Сондай-ақ, Ахунд әлем елдерін радикалдар құрған үкіметті мойындап, ауған халқына қолдау көрсетуге шақырды.
Былтыр көктемде АҚШ қарулы күштерін ел аумағынан шығаратынын жариялағаннан кейін «Талибан» қозғалысы Ауғанстанға бақылау орнату үшін ауқымды операция бастады. 2021 жылғы 15 тамызда тәліптер Кабулды соғыссыз басып алды, ал ел президенті Ашраф Гани қашып кетті. 6 қыркүйекте тәліптер Ауғанстанда толық бақылау орнатқанын мәлімдеді, ал 7 қыркүйекте ешқандай ел мойындамаған уақытша үкімет құрамын жариялады.