АҚШ ақпарат құралдарының хабарлауынша, Вашингтон Ауғанстан үкіметінің АҚШ банктеріндегі мемлекеттік резервтерін бұғаттады
Ауғанстандағы билікті басып алған «Талибан» радикалды қозғалысы (ҚР-да тыйым салынған) АҚШ басшылығынан елдің жаңа билігіне америкалықтар бұғаттаған Ауғанстанның мемлекеттік резервіндегі $10 млрд қолжетімді етуді сұрады.
Бұл туралы сәрсенбі күні Ауғанстанның босқындар мәселелері жөніндегі министр қызметіне тәліптер тағайындаған Халилуррахман Хаккани мәлімдеді, деп хабарлайды Shamshad телеарнасы.
Оның айтуынша, тәліптер Вашингтоннан «Ауғанстанды қалпына келтіруге бөлінген миллиардтаған долларды» бұғаттаудан шығаруды сұраған. Хаккани Құрама Штаттар мен БҰҰ-ны «Талибан» көшбасшыларының есімдерін қара тізімнен шығарып, қозғалыспен қарым-қатынасты қалпына келтіруге шақырды.
Қыркүйек айының басында Ауғанстанның Орталық банкі АҚШ-қа осындай өтінішпен жүгінген, алайда Reuters агенттігінің мәліметінше, америкалықтар қаражатты бұғаттаудан шығарудан бас тартқан.
АҚШ-тың ақпарат құралдарының хабарлауынша, Вашингтон әкімшілігі тәліптер қол жеткізбеу үшін 15 тамызда Ауғанстан үкіметінің АҚШ банктеріндегі мемлекеттік резервтерін бұғаттады. Сол кезде бұғатталған Ауғанстан мемлекеттік резервінің көлемі $9,4 млрд-қа бағаланған.
АҚШ көктемде әскери күштерді ел аумағынан шығаратынын жариялағаннан кейін тәліптер Ауғанстанға бақылау үшін ауқымды операция бастады. 15 тамызда президент Ашраф Ғани отставкаға шығып, елден кетті, содан кейін тәліптер Кабулды соғыссыз басып алды. Сейсенбі күні «Талибан» өкілі Забихулла Муджахид жаңа ауған үкіметінің құрамын жариялады, оған тек қозғалыс мүшелері ғана кірген. Радикалдар министрлер кабинетінің қазіргі құрамы уақытша екенін атап өтті.
Осы оқиғаларға байланысты елде экономикалық ахуалдың күрт нашарлауы байқалады: азық-түлік пен отын бағасының өсуі байқалады, жүздеген мың адам жұмыссыз қалды, қаржылық белсенділік күрт төмендеді.