2021 жылғы 18 тамызда Бішкекте БҰҰ ғимаратының жанында Ауғанстаннан келген босқындардың митингісі өтті.
Наразылық шарасына қатысушылар оларға республикада ресми мәртебе беруді немесе үшінші елдерге жіберуді талап етті.
Митингіге қатысушылардың бірінің айтуынша, Ауғанстан азаматтары Қырғызстанда 18-20 жыл тұрады, алайда оларға құжат берілмеген.
«Біз мұнда босқындар мандатымен тұрып жатырмыз. Осы құжатпен жұмысқа орналасу қиын. Біз өзімізге Қырғызстан азаматтығын бергенін қалаймыз, немесе Канада немесе Америка сияқты елдерге жіберсін. Өкінішке қарай, бізге БҰҰ ғимаратынан ешкім шыққан жоқ, сенім телефондары арқылы да сұрақтарға жауап ала алмадық», — деді Әли Сарвар Мұхаммед Наби.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық репатрианттар Қазақстан билігінен туыстарын Ауғанстаннан шығаруға көмектесуді сұраған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, 15 тамызда «Талибан» қозғалысының содырлары (Жоғарғы соттың шешіміне сәйкес, Қазақстанда тыйым салынған) Кабулды басып алып, ел билігін өз қолына алғанын мәлімдеген болатын. Үкіметтің бір бөлігі мен президент Ашраф Ғани Ауғанстаннан кетті. Кейін Ауғанстанның вице-президенті өзін президент деп жариялап, тәліптермен күреске шақырды.