Қазақстанда 2019 жылдан бастап 264 мемлекеттік қызметкер қол астындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров мәлім етті.
«2019 жылдың 10 желтоқсанда қол астындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін басшылардың жауапкершілігі туралы заң қолданысқа енгізілді. Осы сәттен бастап қол астындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 264 мемлекеттік қызметкер жазаланды. Осы жылдың тоғыз айында қол астындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін тоғыз мемлекеттік қызметкер отставкаға кетті, үш жағдайда отставкаға кету туралы өтініш қабылданды. Алты жағдайда отставкаға кету туралы өтініш қабылданбады, бірақ бұл ретте қабылданбаған алты жағдайдың ішінде бес жағдайда мемлекеттік қызметкерлер түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров.
Спикер елде отставканы қабылдау немесе қабылдамау тәртібі бар екенін атап өтті.