Су кодексіне енгізілген түзетулерге Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Су кодексіне ауызсумен жабдықтауды субсидиялау туралы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша түзетулерге қол қойды.

«Мемлекет басшысы «Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды», — делінген хабарламада.

Түзетулер ауылдардағы су тарифтерін төмендетуді көздейді. Бұған дейін Сенат депутаттары қазір ауылдардағы ауызсу тарифтері қалаларға қарағанда жоғары екенін айтқан болатын. Мұның себептерінің бірі — ауылдардың географиялық жағынан алыстығын, халық тығыздығының төмендігін және басқа да факторларды ескере отырып, сумен жабдықтау инфрақұрылымы құрылысының қымбаттығы. Өңірлердегі судың құнын төмендету үшін бұл шығындардың бір бөлігін мемлекет көтереді.

Сондай-ақ, түзетулермен су тарифтерін бекітудің жаңа тетігі бекітілді. Енді мұндай өкілеттіктерді жергілікті өкілетті органдарға — мәслихаттарға беріледі. Жаңа тарифті қабылдай отырып, олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен адамдардың өмір сүру деңгейін ескеруі тиіс. Ауыл тұрғындары үшін тариф орташа облыстық деңгейден жоғары болмауы тиіс. Республика бойынша берілген ауыз судың бір текше метрі үшін ең төменгі төлемақы мөлшері 15 теңгені құрайды.

Заңның мақсаты халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін өңірлердің субсидияларды уақытылы бөлуі және алуы болып табылады.

Заң жобасының міндеттері:

  • халықты ауыз сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету рәсімін оңтайландыру;
  • жаңадан салынған ауыз сумен жабдықтау жүйелерін жеңілдікті объектілер тізіміне енгізуді жеделдету;
  • ауылдық жерлердегі халықты ауыз сумен жабдықтау қызметтерінің құнын төмендету.

Заң жобасын қабылдау кезінде күтілетін нәтижелер:

  • салынған жергілікті жүйелерді ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың аса маңызды жергілікті жүйелерінің тізбесіне енгізу мерзімдерін қысқарту;
  • өңірлердің ауыз сумен жабдықтауға субсидиялар бөлудің және алудың жеделдігін арттыру;
  • облыс бойынша орташа тарифтерді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, халыққа берілген ауыз судың 1 текше метрі үшін төлемақы мөлшерін айқындау;
  • жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру.

Добавить комментарий