Сот шешімімен Capital Bank Kazakhstan банкі жабылады

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) Capital Bank Kazakhstan банкінің қызметін тоқтату туралы талап-арызын қанағаттандырды

«Алматы қаласының экономикалық сотында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі — Агенттік) «Capital Bank Kazakhstan» акционерлік қоғамына (бұдан әрі — Банк) банк қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы талап-арызы бойынша азаматтық іс қаралды. Сотта Агенттік басқармасының 2021 жылғы 24 маусымдағы қаулысы негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасын жүйелі түрде (үш және одан да көп рет) бұзғаны үшін Банк 2021 жылғы 25 маусымнан бастап лицензиясынан айырылғанын мәлімдеді», — делінген МАЭС баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұл ретте банк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Пруденциалдық нормативтердің нормативтік мәндері мен есеп айырысу әдістемелерін және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, банк капиталының мөлшерін және ашық валюталық позицияның есеп айырысу ережелері мен лимиттерін белгілеу туралы» қаулысымен белгіленген пруденциалдық нормативтерді бұзды.

Сондай-ақ банк №170 қаулының талаптарын жүйелі түрде бұзып келген, атап айтқанда: өтімділікті жабу коэффициенті, тұрақты нетто қорландыру коэффициенті, бір қарыз алушыға тәуекел коэффициенті және т.б.

«Аталған бұзушылықтарға жол бергеніне үшін Банкке қатысты бірнеше рет қадағалау шаралары қолданылды, Банк бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, Capital Bank Kazakhstan жүйелі түрде Агенттік қадағалау шараларын бұзған. Бұдан басқа, банктің ірі қатысушысы уәкілетті органның банктің меншікті капиталын ұлғайту мақсатында қосымша капиталдандыру бойынша шаралар қабылдау жөніндегі талаптарын орындамады.

Агенттік басқармасының 2021 жылғы 14 маусымдағы қаулысымен Банк төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылды. Сот шешімімен талап-арыз қанағаттандырылды. Сот шешімі заңды күшіне енбеді», — делінген хабарламада.

МАЭС-тің хабарлауынша, банкті тарату туралы сот шешімі күшіне енгеннен кейін банктің тарату комиссиясы банктің істерін аяқтау және оның кредиторларымен есеп айырысуды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайтын болады. Кредиторлардың банкке қойылатын талаптары тарату iсiнде ғана қойылуы мүмкiн.

Добавить комментарий