Өз-өзімен сөйлескен. Әскери полиция Ақтаудағы сарбаздың түсініксіз мінез-құлқына қатысты тексеру жүргізеді
Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушы Қарулы күштер қатарында отан алдында борышын өтеуге өзі өтініш берді деп мәлімдеді.
Қорғаныс министрлігі Ақтау әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің психикалық ауытқуы болуы мүмкін екендігі туралы әлеуметтік желіде таралып жатқан ақпаратқа түсініктеме берді.
«2022 жылғы 18 мамырда сағат 12:00 шамасында бөлімше қолбасшылығы 25744 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы А. айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция көрсетіп, өз-өзізмен сөйлескенін байқады. Бұл туралы сарбаздың ата-анасына хабарланды», — делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Сарбазды медициналық тексеруден өткізу үшін облыстық ауруханаға жеткізді. Тексеру нәтижелері бойынша (МРТ, мидың КТ және маманның консультациясы) дене жарақаттары мен қауіпті патологиялар анықталған жоқ. 19 мамырда мамандар сарбазды қайта тексереді.
«Әскерге шақырылушыны медициналық комиссиядан өткізу және одан әрі әскери қызметке шақыру үшін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге мәжбүрлеп жеткізгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 4 мамырда әскерге шақырылушыға белгіленген тәртіпте шақыру қағазы берілді. 11 мамырда әскерге шақыру пунктіне келіп, өзімен және туысымен әңгімелесу барысында ол басқа гарнизонға кетпей, Ақтауда қызмет отан алдындағы борышын өтейтінін айтты», — деп атап өтті Қорғаныс министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, шақыру комиссиясынан өту кезінде әскерге шақырылушы Қарулы Күштер қатарында қызмет етуге өтініш білдіріп, медициналық тексеруден өткенде денсаулығына шағымданбады.
Әскери полиция осы жағдай бойынша тексеру жүргізеді.