Түнде Иркутск облысы Ангарск қаласында жарылыс болып, мұнай өңдеу зауытында алапат өрт шықты, нәтижесінде 2 адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті. Бұл 3 аптаның ішінде зауыттағы екінші ірі өрт.
Оқиға туралы өңірдің губернаторы Игорь Кобзев Telegram-да хабарлады.
«Ангарскідегі мұнай-химия компаниясының өндірістік алаңының технологиялық қондырғысында алапат өрт болды.
АМХК аумағындағы жарылыс пен өрттің салдарынан, өкінішке қарай, екі қызметкер қаза тапты», — делінген хабарламада.
Ресейлік губернатордың айтуынша, тағы 5 адам зардап шекті, олардың біреуі ауырлығы орташа дәрежеде ауруханаға жатқызылған.
Қызыл жалын 2500 шаршы метр алаңды шарпыды, өрт сөндіру үшін 100-ден астам адам және 25 бірлік техника жұмылдырылды.
Кейін Кобзев өрттің сөндірілгенін хабарлады.
РФ ТЖМ мәліметі бойынша, оқиғаның алдын ала себебі — технологиялық қондырғы жүйелерінің газдануы.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себебін анықтау бойынша комиссия құрылды.
«Ангарск мұнай-химия компаниясы» («Роснефт» құрылымына кіреді) — Шығыс Сібірдегі мұнай өнімдерін және мұнай-химия өндіретін ірі кәсіпорын. Оның жобалық қуаттылығы жылына 10,2 миллион тонна мұнайды құрайды.
Осыдан үш апта бұрын, 27 қарашада, Иркутск облысындағы Ангар мұнай-химия компаниясының аумағында да алапат өрт болды. Сол кезде зардап шеккендер болмаған. Өрттің неден шыққаны хабарланбады, ал билік зауыттың неге өртенгенін анықтау үшін арнайы комиссия құрғанын мәлімдеді.