Сот қос азаматтығы үшін айыпталған Шымкент қаласы спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қалалық полиция департаментіне шағымы бойынша шешім шықты.
Шенеуніктің өзі ресейлік төлқұжат алғанын жоққа шығарғанымен, сот қос азаматтығы бар екендігін анықтап, шағымды қанағаттандырмады.
«Почивалов РФ азаматтығында және 2020 жылғы 12 наурызда Красногорскіде берілген төлқұжаты бар. Аталған факті РФ ІІМ-нің басқа да жауаптарымен расталады. Өтініш беруші Почивалов және оның өкілі бұл фактіні теріске шығару үшін қандай да бір айғақтар ұсынбады. Әл-Фараби аудандық сотының шешімімен Почиваловтың Шымкент қалалық полиция департаментінің үстінен берген шағымы қанағаттандырылмады», — деп хабарлады Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби.
Естеріңізге сала кетейік, 4 ақпанда Шымкент ПД баспасөз қызметі көші-қон қызметкерлері Олег Почиваловтың Ресей азаматтығы бар екендігін анықтағандықтан, ол заңнамаға сәйкес Қазақстан азаматтығынан айырылғанын хабарлаған. Мемлекеттік қызмет істері департаменті қала әкімінің атына хат жолдады, онда азаматтықтан айырылу мемлекеттік қызметті тоқтатуға негіз болып табылатыны атап өтілді.
Кейін Олег Почивалов ресейлік төлқұжаты жоқ екенін, ал полицияның ақпараты дұрыс емес екенін айтып, Шымкент ПД-ны сотқа берді.