Шымкент қаласының әкімдігінде бөлім басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдары қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қатысты алдын ала тергеу амалдары басталғанын ресми түрде жариялады. Ол 13 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Шенеунік көлік компанияларының бірінің бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін пара алды деп болжануда.
Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Дәурен Ерғариннің айтуынша, әңгіме қоғамдық көліктің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау туралы болып отыр.
Күдікті сот шешімімен екі ай мерзімге қамауға алынды.
Шымкентте әлеуметтік бағыттарға субсидиялау 2018 жылы қалалық бюджеттен 170 млн теңге бөлумен басталды. Содан бері осындай шығындар қалалық қазынаның тұрақты құрамдас бөлігіне айналды. Өткен жылдары жолаушылар тасымалын субсидиялау сомасы бастапқы дотациямен салыстырғанда ондаған есеге өсті.
2019 жылы он бағытқа қызмет көрсететін тасымалдаушылар қазынадан 1,2 млрд теңге алды. 2020 жылы субсидиялау бес есеге өсіп, 5,7 миллиард теңгені құрады. Биыл 28 бағыт әлеуметтік деп танылды. Былтыр жолаушылар тасымалын субсидиялау сомасы 13 миллиард теңгеге жетті, ал 2022 жылға қарай қоғамдық көліктің барлық 75 бағытына 15,1 миллиард теңге бөлу жоспарланған болатын.
Биыл қалалық бюджеттен қоғамдық көлікті субсидиялауға 23 миллиард теңге бөлу қарастырылған, бұл былтырмен салыстырғанда айтарлықтай ұлғайған.