Шымкент соты белсендіні босатты

Белсенді Аштаев тергеушінің қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішіне қарамастан сот залынан кепілге босатылды.

Шымкенттің мамандандырылған тергеу соты 9 қарашада «билік өкіліне қатысты күш қолданды» және «полицияны қорлады» деген күдікті азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаевқа қатысты бұлтартпау шарасын таңдады. Тергеу органдары белсендіні қамауға алуды сұрағанымен Аштаевты кепілдікпен босатты.

Онлайн-режимде өткен сот отырысы барысында судья Айнабеков айтқандай, Аштаевқа шілде айында «полицейлерге қатысты күш қолданып, оларды балағаттады» деген айып тағылған. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген Аштаевты 7 қарашада ұстап, тергеу изоляторына қамаған.

Сейсенбі күнгі отырыста тергеуші белсендіні бостандыққа шығатын болса, «тергеу амалдарына кедергі келтіруі мүмкін» деп, сотты бұлтартпау шарасын — қамауға алуды сұрады. Прокурор мұны қолдады. Алайда сот белсендінің тергеу амалдарына кедергі келтірмегенін, асырауында төрт кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, тергеу изоляторына қамамады.

«Тергеушінің қамауға алу туралы өтінішін қанағаттандырусыз қалсын», — деді судья. Ол осы ешқайда кетпеу туралы қолхатты бұзатын болса, Аштаевтың әкесінің кепілге қойылған үйі мемлекет меншігіне өтетінін айтты.

Жанмұрат Аштаев сот отырыс барысында полиция қызметкерлеріне «күш қолданды» мен «балағаттады» деген айыппен келіспейтінін айтты

Аштаев үкіметке қарсы бірнеше наразылық акциясына қатысқан. 1 шілдеде ол бір топ белсенділермен бірге Шымкент әкімдігі ғимаратының алдында саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, аштық акциясын жарияламақ болған. Наразылық акциясы таратылып, Аштаевты басқа белсенділермен бірге учаскеге жеткізіп, кейін бейбіт жиналыстар өткізу тәртібін бұзды деген айыппен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Кейін Аштаевтың үстінен «билік өкіліне күш қолданды» және «билік өкілін қорлады» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Добавить комментарий