Шымкентте қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына қатысты шығарылған үкім оқылды.
Ол бюджеттен бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаражатты мақсатсыз жұмсағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деп сараланды.
Ернар Мырзақұловқа лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды — тергеудің пікірінше, сотталушы 1 млрд теңгеден астам қаражатты мақсатсыз жұмсаған.
«Сот Мырзақұловтың тиісті өкілеттігін теріс пайдаланып, жалған құжаттарды пайдалана отырып, медициналық жабдықтарды жеткізу туралы мемлекеттік сатып алу келісім жасасқан жеткізушілерге 1 391 587 000 теңге соманы беруден бас тартқанын анықтады. Содан кейін осы сомаға басқа жеткізушілермен келісім жасаған, осылайша өздерінің заңсыз әрекеттері арқылы мемлекетке орасан зор залал келтірді», — деп хабарлады сот өкілдері.
Прокурор сотталушыны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қорғау тарабы бас бостандығынан айырмай, басқа жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушының асырауында кәмелетке толмағантөрт баланың болуы және оның денсаулық жағдайы мен шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай деп танылды. Сот Мырзақұловқа үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдық қызмет атқару құқығынан айырылды.