Шу қаласындағы арнайы операцияны ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізді. Жедел шараға Жамбыл облысы көліктегі полиция департаменті Жамбыл облысы Шоқпар станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері ілінді.
ІІМ хабарлағандай, тексеру іс-шаралары барысында ӨҚБ қызметкерлері күдікке ілінген қызмет бабындағы полицейлердің заңсыз есірткі затын жинап, сату үшін Кұмөзек жеріне баратыны туралы ақпарат алды.
Құқыққа қарсы әрекеттің жолын кесу үшін өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен арнайы жасақ қызметкерлері арнайы операция бастады.
«Күдіктілер мінген көлікті тоқтату мақсатында қызметкерлер Шу-Тараз автожолын жауып тастады. Бірақ сол сәтте жүргізуші жасырынуға тырысып, арнайы бөлімше қызметкерін қасақана қағып, ауыр дене жарақатын келтірді», — делінген хабарламада.
Қаруланған күдіктілер қатты жылдамдықпен құғыншылардан қашып кетпек болды. Көлікте үш адам болған. Полицейлердің ескерту жасап атқан оққа олар мән бермеді, содан кейін автокөлікті тоқтату үшін қызметтік қару қолданылды.
Үш адамның екеуі атыс кезінде оқ жарақатын алды. Олардың біреуі медициналық мекемеде көз жұмды, екіншісіне стационар жағдайында медициналық көмек көрсетілді, қазір ол ауруханда. Үшіншісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде — «Есірткі, психотроптық заттарды, оларға ұқсас заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу», «ЖҚЕ бұзу немесе көлік құралдарын пайдалану» және «Билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану».
Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жариялауға жатпайды деп атап өтілді.