Шеруге шыққандар жауапкершілікке тартылмайды, газ бағасы арзандайды: келіссөздер қорытындысы

Ақтаудағы белсенділер мен үкіметтік комиссия мүшелерінің келіссөздері барысында газ бағасын литріне 50 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Үкімет комиссиясы Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңына жиналған белсенділермен кездесті.

Кездесуде Ақтау қаласының бастамашыл тобымен жүргізілген келіссөз барысында қабылданған шешімдер жарияланды. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ әлеуметтік жауапкершілігі аясында Маңғыстау облысында сұйытылған газ құнын төмендету және литріне 50 теңге бағасын белгілеу туралы айтылды. Бұл туралы үкіметтің сайты хабарлады.

Сондай-ақ алаңда болған адамдарды жауапкершілікке тартпауға кепілдік берілді. Сонымен қатар тараптар туындаған барлық мәселені сындарлы диалог аясында және қолданыстағы заңнама шеңберінде шешуге келісті.

Газ бағасының көтерілуіне байланысты өткізіліп жатқан митингілер еліміздің батысында 2 қаңтарда бастады. Бүгін Ақтауда вице-премьер Ералы Тоғжанов жетекшілігімен үкіметтік комиссия ұшып шықты. Комиссия мүшелері Ақтау және Жаңаөзен қалаларында белсенділермен келіссөздер жүргізуде.

Қазақстандағы ең ірі Теңіз мұнай кен орнында қосалқы мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері де Маңғыстау белсенділерін қолдау мақсатында митингіге шықты. БАҚ хабарлауынша, осыған ұқсас акциялар Қазақстанның басқа қалаларында да өтіп жатыр.

Добавить комментарий