Шартты түрде мерзімінен бұрын босату жөніндегі істер ЖИ қарауына беріледі

Қазақстанда судья-робот тұтқындарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату жөнінде шешім шығаратын болады.

Смарт-көмекшіні пайдалану судьяларға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Аталған жоба туралы ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі Айдос Сәдуақасов айтып берді.

«Біз сот жүйесіне робот бағдарламасын енгізуді бастадық. Бұл бағдарлама бойынша судьяның қарауын талап етпейтін даусыз істер іріктеліп алынады. Мұндай істер қазіргі таңда статистика бойынша 400 мыңға жуық. Атап айтқанда, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, санкциялар, ел аумағынан шығу мәселесіне қатысты істер. Мұның бәрін автоматтандыруға болады. Робот сот шешімін дайындайды, судья тек қол қоюы керек. Егер қандай да бір техникалық қателер болса, судья істі қайта қарап шыға алады», — деп хабарлады Айдос Сәдуақасов.

Спикердің айтуынша, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру үшін «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Цифрлық талдау» жобасы әзірленді.

«Азаматтар осы сервис арқылы сот дауларының қалай аяқталатынын біле алады. Сондай-ақ, интеллектуалды іздеу функциясы мен арнайы кілт сөздер арқылы ұқсас даулардың қалай шешілгенін, олар бойынша қандай шешімдер қабылданғанын біле алады», — деп түйіндеді ҚР Жоғарғы сотының өкілі.

Оның айтуынша, «Цифрлық талдау» сотқа арыз берген дұрыс па, берген жағдайда қанша пайызға жеңіп шығу ықтималдығы бар екенін анықтауға көмектеседі.

Добавить комментарий