Шахтерлер шахтадағы жарылыстан кейін «АрселорМиттал Теміртау»-ға бірқатар талап қойды

Қарағандыда кеншілер мен көміршілер кәсіподағы алты адамның өмірін қиған «Абай» шахтасында болған апаттан кейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мен облыс әкіміне бірқатар талап қойды. Шахтерлер көтерген мәселелерді қарау жөніндегі комиссия отырысы Қарағандыда жабық есік артында өтіп жатыр, оған журналистерді кіргізбеді.

Кездесуге «АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы сегіз шахтаның әрқайсынан бірнеше өкіл қатысты. Еңбек ұжымының өкілдері мәселелерді жинақтап, басшылыққа жеткізген.

«Абай» шахтасында болған қайғылы оқиға шахтерлар мәселесін айқындап берді. Кәсіподағымыз шахтерлардан түскен барлық мәселені жинақтап, компания басшылығы мен облыс билігіне бағыттады. Шахтерлар мәселесін қарастыратын комиссия құру жөнінде шешім қабылданды. Негізгі талаптарымыз: қауіпсіз еңбек етуге жағдай жасау, жалақыны өсіру, жұмысшылар санын толықтыру, жабдықтарды жаңарту, материалдық-техникалық жабдықтау мәселесін шешу. Талқылау кезінде тағы бір мәселенің шеті көрінді: бұл көмір департаменті кәсіпорындарының даму болашағы. Шахтерлер көмір департаменті кәсіпорындар мен шахталарды дамытуға күш сала ма, жоқ па, сол жағын білгісі келді», — деп түсіндірді комиссия отырысының үзілісі кезінде «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.

Буслаевтың сөзіне қарағанда, компания мәселелерді шешу үшін уақыт беруді сұраған. Комиссия отырысы барысында қабылданған шешімдер «хаттамаға енгізіліп, әрі қарай жұмысшылар бақылауында болады», — деп толықтырды Б. Буслаев.

Шахтерлердің талаптарының ішінде көмір департаментінің директорын қызметінен алу; тау-геологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты көмір өндірісі жоспарын анықтау мен түзету енгізу де бар.

Комиссияға «АрселорМиттал Теміртау» көмір департаментінің барлық шахтасының өкілдері, компания басшылығы, арасында бас директор Бидж Наир да бар, мемлекеттік орган өкілдері кірген. Комиссияға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жетекшілік етеді деп хабарланды.

«Алдымызда «АрселорМиттал Теміртау» жұмысшыларының еңбек жағдайын жақсарту және өмір сапасын арттыру бойынша маңызды да әділ шешім қабылдау міндеті тұр. Кәсіпорынның тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне бәріміз де мүдделіміз. Бәрінен бұрын жұмысшылар мүддесі ескерілуі тиіс», — делінген Қасымбектің сөзі әкімдіктің ресми сайтында.

«Қорғау» кәсіподағының төрағасы Азаттық тілшісіне тараптар нақты бір шешімге келмейінше комиссия жұмысы күн сайын жалғаса беретінін айтты.

7 қарашада таңертең Қарағанды облысы Абай қаласында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты шахтада газ жарылған. Апаттан алты адам қаза болып, екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Апат кезінде шахтада 64 адам болған, 56 адам өз бетімен шахтадан шыққан. «Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесінің бұзылуы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

12 қарашада Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин сенат отырысында «АрселорМиттал Теміртау» нысандарында қауіпсіздік ережелерінің сақталмайтынын мекеме өкілдері бірнеше рет анықтап, шағым түсіргенін, бірақ сот қауіпті нысандардың жұмысын тоқтату туралы өтінішті мақұлдамай, тек айыппұлмен шектелгенін айтты.

Добавить комментарий