ШҚО әкімі өрттен зардап шеккендерге баспана берілетінін айтты

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов орман өртінен зардап шеккен адамдарға көмек көрсетілетінін хабарлады. Атап айтқанда, ол үйлері жанып кеткендерді баспанамен қамтамасыз етуге уәде берді.

Естеріңізге сала кетейік! Кеше, 2021 жылғы 10 мамырда ШҚО-да өрт шықты. Қызыл жалын Лесхоз ауылындағы 35 үй мен 9 шаруашылық құрылысты шарпыды.

«Бүгін біздің өңір үшін өте ауыр күн болды. Өрт кезінде қаза тапқан кент тұрғыны Галина Филаретовна Спивакованың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Сондай-ақ, табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға зор денсаулық пен тезірек сауығуларын тілеймін», — деп мәлімдеді әкім.

Даниал Ахметовтың айтуынша, тұрғын үй мәселесін толық шешу үшін екі жарым ай қажет.

«Тұрғындармен кездесу барысында жұмыс жоспарына тоқталып, барлық жағдайды бүкпесіз баяндап бердім. Риддерде салынып бітпеген бірнеше көпқабатты үйлер бар, оларды біз сатып алып, құрылысын аяқтауды межеге алып отырмыз. Бұл баспаналар кірпіштен жасалған, бүгін кездесуден кейін біреуінің жағдайын жеке өзім барып көрдім. Таңертең құрылыс компанияларымен бірге қалған үйлерді бағалап шығамыз», — делінген мәлімдемеде.

Өңір басшысы, егер кімде-кім көпқабатты тұрғын үйден бас тартса және ескісін жөндеуді талап етсе, оны жөндеп беретінін айтты.

Құжаттарды қалпына келтіруге қатысты айтар болсам. Полиция департаменті мен ХҚКО ертеңнен бастап бұл жұмыспен айналысады. Барлық құжаттарды бірқалыпты тәртіпте қалпына келтіреміз.

Мүліктік шығындарға келетін болсақ, төлемдер заңға сәйкес жүзеге асырылады. Арнайы комиссия жұмыс істеп, шығындардың құнын анықтайды және заңнама ережелеріне сәйкес өтемақымен айналысады, — деп атап өтті Ахметов.

Агротехникалық колледж жатақханасы мен профилакторий базасында барлық зардап шеккендерді қоныстандыру үшін орындар ұйымдастырылды.

Алдағы екі-үш күнде өрттің себебі анықталады.

Добавить комментарий