Сенаторлар Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қарайды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында депутаттар палатаның алдағы отырысының күн тәртібін талқылады.

Сенаттың кезекті отырысы 2020 жылғы 12 қарашада өтеді. Депутаттар Мәжіліс мақұлдаған «1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды.

Палатаның қарауына «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы «ҚР Кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы «ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңы шығарылды.

Сонымен қатар, Бюро Мәжілістен келіп түскен «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне тапсырды.

Сондай-ақ, Бюро отырысында сенаторлар Қазақстанның су қауіпсіздігіне арналған өткен Үкіметтік сағаттың қорытындыларын талқылады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев іс-шарада өзекті мәселелер талқыланып, Үкіметпен бірлесіп көтерілген мәселелерді шешу үшін нақты ұсыныстар енгізілгенін атап өтті.

Добавить комментарий