Сенаторлар Үкімет сағаты аясында цифрландырудың проблемалары мен кемшіліктерін атады

Сенатта «Білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту саласындағы цифрландыру: жағдайы, қолжетімділігі және қауіпсіздігі» тақырыбында Үкімет сағаты өтті, қатысушылар елдегі цифрландырудың қазіргі жағдайын, интернетпен қамтамасыз ету және өңірлердегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

«Ағымдағы жылдың 10 шілдесінде Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында пандемия цифрлық экономикадағы айтарлықтай кемшіліктер мен олқылықтарды анықтағанын атап өтті. Осыған байланысты біз пандемия жағдайында цифрландыруды дамытуда анықталған кемшіліктерді ескере отырып, мемлекеттік органдардың жұмысына деген көзқарасты қайта қарау қажет деп санаймыз», — деді Сенаттың вице-Спикері Нұрлан Әбдіров отырысты ашқан кезде.

Вице-Спикер қазіргі таңда 118 қала мен 4558 ауылдық елді мекен ADSL технологиясы бойынша интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілгенін хабарлады. Бүгінде Қазақстан халқының 40%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Қазіргі уақытта байланыс операторлары қалалық және ауылдық жерлер арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға бағытталған желілер құрылысы бойынша жобаны іске асыруда.

«Қазақстанда дербес деректерді қорғау бойынша сервис дайындалуда. Бұл пайдаланушыларға олардың пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. Жақында ғана елімізде дербес деректерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган болмағанын атап өткен жөн. Жеке деректердің қолжетімділігі елімізде қылмыс жасауға әкелетінін атап өткім келеді. Сондықтан да мемлекеттік органдарға оларды қорғауды қамтамасыз ету қажет», — деді Сенаттың вице-Спикері Нұрлан Әбдіров.

Отырыстың модераторы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы болды. Үкімет сағаты барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады. Ол мемлекеттік органдарда талдау мен IT-архитектураға жүйелі көзқарас жоқ екенін хабарлады.

Сондай-ақ, Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы цифрландыру саласындағы бірнеше өзекті мәселелерді ортаға салды. Сенатор Алтынбек Нұхұлының айтуынша, денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту салаларын цифрландырудың негізгі мақсаты — әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, азаматтарымызға көмектің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

«Әлеуметтік қызмет көрсету порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу азаматтарымыздың қажеттілігін қанағаттандыруда маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді», — деді Алтынбек Нухұлы.

Талқылауға сондай-ақ Сенат жанындағы жас сарапшылар клубының мүшелері де қатысты, олар цифрландыру саласындағы өз ойлары мен тәсілдерін айтты. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша құзыретті және мүдделі органдарға жіберілетін, сондай-ақ Сенат депутаттарының заң шығару қызметінде пайдаланылатын ұсыныстар әзірленді.

Үкіметтік сағаттың ұйымдастырушылары Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік, сондай-ақ халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеттері болды.

Добавить комментарий