Сенат сайлауының ресми қорытындысы жарияланды

Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын қорытындылау аяқталды. 2020 жылғы 13 тамызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Отырысқа ДКК режимінде облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары және онлайн режимде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

ҚР ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров «2020 жылғы 12 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлау қорытындыларын анықтау және жариялау туралы» баяндама жасады.

Ол облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының сайлау комиссияларының Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы бойынша дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамалары негізінде сайлаудың Қазақстан Республикасының 14 облысында, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткізілді деп танылғанын баяндады.

3069 таңдаушының ішінен сайлаушылардың жалпы санының 2889 немесе 94,1 пайызы дауыс беруге қатысты. Сайлау бюллетендерінің жалпы санынан 15 сайлау бюллетені жарамсыз деп танылды.

Дауыс беру күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары болып:

— Ақмола облысынан — Бекенов Нұрлан Жексембайұлы, 1961 жылы туған, Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы;

— Ақтөбе облысынан — Қаниев Бауыржан Нұрәліұлы, 1958 жылы туған, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының әкімі;

— Алматы облысынан — Сұлтан Мырзабекұлы Дүйсембинов, 1959 жылы туған, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы;

— Атырау облысынан — Лұқпанов Сағындық Есенғалиұлы, 1960 жылы туған, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС басқарушы директоры-мүшес;

— Шығыс Қазақстан облысынан — Булавкина Ольга Александровна, 1972 жылы туған, Бородулиха ауданының әкімі;

— Жамбыл облысынан — Орынбеков Бекболат Серікбекұлы, 1957 жылы туған, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары;

— Батыс Қазақстан облысынан — Рысбекова Ләззат Тұяқбайқызы, 1976 жылы туған, «Орал гуманитарлық колледжі» ТБ қаржы директоры;

— Қарағанды облысынан — Ершов Сергей Михайлович, 1960 жылы туған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты;

 — Қостанай облысынан — Карплюк Сергей Алексеевич, 1968 жылы туған, Қостанай облысы әкімінің орынбасары;

— Қызылорда облысынан — Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы, 1971 жылы туған, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары;

— Маңғыстау облысынан — Алдашев Сүйіндік Тасеменұлы, 1963 жылы туған, «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші вице-президенті;

— Павлодар облысынан — Нухұлы Алтынбек, 1962 жылы туған, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры;

— Солтүстік Қазақстан облысынан — Перепечина Ольга Валентиновна, 1967 жылы туған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты;

— Түркістан облысынан — Бектаев Әли Әбдікәрімұлы, 1962 жылы туған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты;

— 1961 жылы туған, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ Басқарма төрағасы;

— Алматы қаласынан — Мәкежанов Сұлтанбек Алмасбекұлы, 1961 жылы туған, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі;

— Шымкент қаласынан — Айгүл Жарылқасынқызы Қапбарова, 1975 жылы туған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Сондай-ақ, отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина сөз сөйледі. Ол бұған дейін Парламент Сенаты депутаттығына әрбір кандидатқа республикалық бюджеттен сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу үшін қаржы қарастырылғанын хабарлады. Алайда, өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл қаражат толық көлемде пайдаланылмады. Осыған байланысты игерілмеген қаражат бюджетке қайтарылатын болады.

Отырысты қорытындылай келе, ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев бұл сайлау науқанының ерекшелігі әйелдердің саяси белсенділігінің артқанын атап өтті. Сайланған 17 депутаттың 5-і әйелдер, бұл 29,4% құрайды. 2014 және 2017 жылдардағы сайлауда бұл көрсеткіш бар болғаны 6% болды.

Дауыс беру басқа да сайлау рәсімдері сияқты сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес өтті. Сайлау күні Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы арқылы таңдаушылардың тіркелуін және дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығаруды онлайн бақылау сервистері жұмыс істеді, осылайша сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етілді.

Бұл үдеріс ҚР ОСК ақпараттық арналары арқылы жедел түрде жария етілді. Дауыс беру рәсімін және сайлау қорытындыларын шығаруды 242 жергілікті және 5 халықаралық бақылаушы қадағалады. Сайлау аймақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, сайлау процесінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды сақтай отырып өткізілді.

Добавить комментарий