Сенат депутаттары ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша түзетулер жобасын бірінші оқылымда қабылдағаны белгілі.
Парламент депутаттары бастамашылық еткен заң жобасы Жер кодексі мен «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Түзетулер туризм объектілерін, су шаруашылығы құрылыстарын салу, қорғаныс мұқтажы үшін мемлекеттік шекара объектілерін жайластыру және олардың жұмыс істеуі үшін олардың құрамынан бұрын шығарылған және осы мақсатта пайдаланылмайтын қосалқы жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына қайтару рәсімін жеңілдетуге бағытталған.
«Бұл өзгерістер негізінен Іле-Алатау ұлттық паркінің «Көкжайлау» курортын салу үшін бөлінген жерлерін және Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жерлерінің бір бөлігін қайтаруға байланысты. Өзгерістер экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар және қайтарылатын жер телімдерінде орналасқан табиғи кешендер мен табиғи-қорық қорының нысандарын сақтау қажеттілігінен туындады», — деп атап өтті жобаның бастамашысының бірі, Мәжіліс депутаты Роман Ким.
Оның айтуынша, мұндай жерлерді ауыстыру туралы шешім мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелер жобаларын әзірлемей, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санатына байланысты қабылданатын болады. Экологиялық туризмді дамыту үшін заң жобасымен табиғат қорғау мекемелері көрсететін қызметтер тізбесі кеңейтілді. Атап айтқанда, оған атпен жүру үшін малдарды жалға беру ұсынылады.