Семейде көпірдің тротуар бөлігі опырылып түсуіне байланысты қозғалыс тоқтатылды. Сарапшылар тартылды, олардың қорытындысы бойынша шешім шығарылады.
Бұл 9 тамыз күні сағат 20:00-де болған.
«Автокөпірдің оң жақ тротуар бөлігінде жаяу жүргіншілер тақтасы опырылып түсті. Оқиға орнына қала әкімінің орынбасары, көлік және автомобиль жолдары бөлімінің және жол-патрульдік қызмет өкілдері келді. Көпір конструкциясында айтарлықтай қирау белгілері байқалмайды. Алайда, қауіпсіздік мақсатында көпірде қозғалысты тоқтатып, көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүруіне тыйым салды», — деп хабарлайды қала әкімдігі.
10 тамызда мамандар көпірді тексереді, олардың қорытындысы бойынша соңғы шешім қабылданады.
Көпірде шұңқыр пайда болды/Фото Семей әкімдігінің Instagram парақшасынан алынды
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден қабылданған шараларға түсіністікпен қарауын сұрайды.
Биыл мамыр айының соңында президент ШҚО-ға келгенде облыс әкімі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір салу және Семей қаласындағы автокөпірді жөндеу жұмыстары жайлы тапсырмасының іске асырылу барысы туралы баяндаған.