Саунадағы төбелес: 27 жастағы ер адам қаза тапты

Түркістан облысында төбелес кезінде ер адам қаза тапты. Хабарланғандай, көрсетілген қызметке қымбат баға сұрағанда, ер адамдар саудаласамыз деп ерегісіп қалған.

Түркістан облысында ер адамдар саунада күзетшімен сөзге келіп қалып, арты жаппай төбелеске әкелді. Олардың бірі саунада қымбат баға айтқанына шүйліккен. Нәтижесінде 27 жастағы Еламан Маликов аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Куәгер Ерболат Құдайбергеновтің айтуынша, бір топ жас жігіт жедел жәрдем дәрігерлерін Еламанның жанына жақындатпаған. Кейбіреулері Еламан жерде ес-түссіз жатқанда, басына секірген. Күзетшілердің бірі дәрігерлерге пышақ тақап, қорқытқан.

Марқұмның ағасы Айкен Мәліков полицияға қысым жасалып жатыр деп есептейді. Полиция бір топ адамның ішінен тек бір күдіктіні ғана ұстаған.

Полиция департаменті ҚР ҚК 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

Сайрам аудандық сотының судьясы Дина Тойжанова күдікті кінәсін мойындағанын және үйқамаққа шыққанын хабарлады. Сот шешімінің заңдылығын соттың облыстық апелляциялық алқасы қарайды.

Еламанның туыстары оның өліміне кінәлі адамдарды жазалауға ниетті.

2021 жылғы 30 қазанда Атырау облысында ауыл тұрғындары арасындағы жанжал шығып, арты атысқа ұласқан болатын. Бір адам қаза тауып, тағы бес адам жарақат алды.

Добавить комментарий